Талдықорған политехникалық колледжі музейінің меңгерушісі Каримова Гульмира Жебегеновна 

Өткен күннің тарихы – болашақтың куәсі

Талдықорған политехникалық колледжінің мұражайы 10 жылдан астам заман талабына сай, ғылымға, білімге, көне заттарға  сүйене отырып мәдени-тәрбиелік, ақпараттық, азаматтық- отаншылдық, оқу – ізденуге баулу жұмыстарын жүргізеді. Әртүрлі мәдени-тарихи мұраларды жинап, зерттеп, сақтап, келушілерге ұсыну арқылы оқушылар мен оқытушылардың білгірлігін, рухани байлығын арттыруға бағытталған мұражай оқу-тәрбие үрдісі жоғары деңгейде болуына  өз үлесін қосуда.

Мұражайдың басты міндеті –ұстаздарға, жасөспірімдерге, жалпы зиялы қауым өкілдеріне, өткен тарихтың жетістіктерін, білім тәжірибесіне негізделген мәдениетін насихаттап, құнды экспонаттар мен көптеген пайдалы, әрі қызықты мәліметтік ақпараттармен толықтырылып тұрады.

Атап айтсақ, біздің мұражайдың  құрылымында 4 бағыт көзделген.

«Адамның өмірінде өшпес із қалдыратын бір жан болса, ол-ұстаз» –атты стенд колледжді әр жылдары басқарған басшылар туралы сыр шертеді. Екі ғасырдың куәсі болған, сол  ғасырларда өсіп, жетіліп келе жатқан білім ордасында ұлағатты ұстаздар –лауазымды қызмет атқарған.

Білікті басшы жолы оқу-тәрбие ісіне  өң беріп, шырайын шығаратын білім беру өнерінің бір бұтағы. Шығармашылықты үйлестіре отырып, ретімен іске асыра білудің өзі басшыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Мұражайда жиналған мәліметтерге көз жүгіртсек, политехникалық колледжді жоғары мәдениетті, білім саласының нағыз шебер-майталмандары жетекшілік жасағаны анық. Сондықтан тертөкті еңбектері еленіп, жемісті жұмыстары бағаланып, колледж тарихына өз іздерін, қолтаңбаларын қалдырған азаматтар.

Мұражайдың екінші бағыты – «Біздің жетістіктеріміз».

«Бүгінгі тұғырымыз ертең шығар биігіміз» — деген Елбасының дана сөздеріне сүйеніп, колледждің қол жеткізген жетістіктері мұражайдың төрінен орын алған. Ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі арқасында, білім алушылардың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін, берілген бағалы сыйлықтар да, осы жерде жинақталған.

Келесі мұражайдың бағыты- «Өткен тарихы сырлы шежіреге толған білім ордасы»  атты  стендте, ұжым ұстаздарының өмірінен алынған ең қызықты сәттер көрсетілген. Колледж қабырғасында өткізілген  тарихи кездесулерден, салтанатты жиындардан, мәдени іс- шаралардан ұмытылмас елестер алынған.

Қарттарын сыйлаған, білім ордасы, ең қасиетті, ең қымбатты қазынамыз- ардагер-ұстаздар деп білеміз. Сондықтан ардагер-ұстаздарға арнап арнайы альбомдар, жорналдар да мұражайдан орын алған.

Мұражай — өзінің жаратылысы жағынан мәдени-ағарту және тарихи орталық болып табылады. Таным дүниесіне осылайша қарасақ, музей өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болады. Ол оқушыларды, жалпы ұстаздарды оқу орны шежіресімен таныстыра отырып, оны қастерлеуге тәрбиелейді. Төл тарихтың терең түкпіріндегі жиналған бағалы құндылықтар жарыққа шығып, зерттеліп- зерделеніп мұражайдан орын алып, көпшілік  игілігіне айналуда. Колледж мұражайының өзіндік ерекшелігі оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың санасына адамгершілік, еңбек, патриоттық, эстетикалық дағдыларды қалыптастыруына ықпал жасайды.

Мұражайдың ең бір қызықты, ауқымды жұмыстарының бірі түлектермен кездесулер өткізу, үнемі байланыста болу. Сондықтан колледж өмірінің тарихы — жүздердің, мыңдардың өсу, есею адам болуы десек артық айтқандық емес. Олардың әрқайсысына тән мінезі, ешкімнің өміріне ұқсамайтын сыры бар, қанша тыңдасақ та жалықтырмайтын жыры бар. Өмірбаяны өшпейтін із қалдырған, адал істері, ерлік қимылдары ел арасында аңызға айналып, ұрпақ мұрасына қалған осы адамдардың баршасы әр кезде колледж қабырғасынан тәлім-тәрбие алып шықты. Осының бәрі аса қастерлеп, оқушы жастардың қазіргі және кейінгі буынына үлгі ететін бағасы қымбат бай тарих. Әрбір оқу орнының өзіне тән тарихы, қызықты, ерекше шежіресі бар. Яғни колледж өмірі еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік өзгерістердің айғағы.

Колледж мұражайы жанданып, жақсы жұмыс жасауы үшін оның қорына жәдігерлер көп жиналуы керек.

Мұражай өскелең ұрпақты тәрбиелеу кезінде тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді.