Адам өз өмірінің суретшісі

Шыр етіп дүние есігін ашқан әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына түрлі факторлар әсер етеді. Бастысы — білім мен тәрбие. Зеректік те бала бойында ананың ақ сүтімен, әкенің еткен еңбегімен, төккен терімен, балаңа құйған ақыл мен көресетер үлгің арқылы ашылады. Тұлға болып қалыптасудың басты жолы — отбасынан бастау алады. «Ұяда не көрсең- ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың мақалы орынды айтылған. Үлгі болар ақылшың – анаң, тірегің – әкең, көтерер туың – ақыл, ізденісің – білім болғанда ғана, тұлға ретінде қалыптасу мүмкіншілігі туады. Барлық адам тұлға, олардың өз қызығушылығы, қуаныш қайғысы, ізденісі мен жетістігі, ой қорытындысы бар. Адам шыны ыдыс секілді, ішіне не құйсаң, соған толады, білім мен тәрбие нәрін отбасынан алсаң, ол ұлтыңның жақсы игі дәстүрін жинақтаған, мағыналы, мәнді болса, ғұмырыңда мәнді, мағыналы болмақ. Ешнәрсеге қызықпай, күндеріңді телефонмен, интернетте бос сөзді қуумен, жансыз сұлуларды көрумен өтсе, жаны таяз, білімі аз адам болып шығасың. Абай атамыз: «Адам бір қап – боқ, боқтың қабы, өлсең сасып қаласың және тағы» демей ме ?! қатты болса да шындық. Ол тұлға ма?

Тұлғаның жеке дара болып қалыптасуына ата-ана мен ұстаздың берген сапалы білімі мен саналы тәрбиесі, қоршаған ортасы, дос-жарандары әсер етеді. Әрбір адам қоғамда өмір сүріп жатқандықтан ол қайталанбас тұлға. Мен, Турдахун Мадина Бейбітқызы, мектептен түлеп ұшып, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің табалдырығын аттаған сәттен бастап, өзімнің ой пікірімді,көзқарасымды қалыптастырдым.

Адам өз өмірінің суретшісі — дейді. Мен өз өмірімнің мәнді, мағыналы болғанын қалаймын. Арманым — алдыда, алар асуым — биік, қиялым — шартарапта. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, білім іздеп Талдықорғанға жол тарттым, таңдауым Талдықорған жоғары политехникалық колледжі болды. Оқуға түскен сәттен бастап, түрлі жарыстарға қатыса жүріп, тәжірбие жинап, қоғамдық шараларда белсенділігімді арттырып, алға қойған мақсаттарымды айқындап, өзіндік ой пікірімді қалыптастырдым.

«Жеті түрлі білім біл, жеті түрлі ғылым біл»-деген халықтың дана сөзін санама түйіп, өзімді шыңдап, әлі де түрлі байқауларға қатысудамын. Алғашқы жеткен жетістігім Абай оқуларынан басталды. Сол сәттен бастап, тек алдыға қарай жүріп, қиындыққа қарамай, жеңемін деген көзқарас қалыптастырып, көптеген белестерді бағындырып келемін. Мақтаулар мен мадақтамаларымда есеп жоқ, І.Жансүгіров университетінде өткен жыр мүшәйрасынан III дәрежелі дипломымен, латын қарпінде «Arman qala – Astana» тақырыбындағы шығармада Талдықорған қаласының әкімінің дипломымен, Талдықорған қаласында өткен Көшбасшы-2018 байқауында «Үздік студент» номинациясымен,І.Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына байланысты өткен «Өлеңнің өрен жүйрігі» байқауында Құлагер поэмасын жатқа оқуда Бас жүлдені (Гран При) иемденумен, Республикалық Кіші Ғылым Акамедиясының жүлделі 1 орынымен марапаттарыммен … мақтана аламын.

Өз еңбегіммен жеткен жетістіктерімді тізе берсем, аз емес,бірақ алар асуымда әлі алдыда деп есептеймін.

Мамандық таңдау — тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл өте жауапкершілікті және маңызды іс. Адамның болашағы — таңдаған кәсібінде. Жүрек қалауым бағдарламашы маманы болсам дейтінмін, бара – бара, тіл ғылымына ден қойып, журналистика мамандығында қоса меңгерсем деген үмітім бар. «Жігітке жеті өнер де аз» демей ме халқымыз. Біраз айлардан соң, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығының бағдарламашы біліктілігін алып, қызыл диплом иегері атанамын.

Бағдарламашы өмірдің әр саласында сұраныс тудыруда. Ғылым мен техниканың замануи талаптарына сай мамандығымның сұраныста екенін де білемін. Жақсы білім алып, өз кәсібінің майталмандары Нұрлан Кеңесұлы, Ажаргүл Батырғалиқызы, Әйгерім Бауыржанқызы, Дәрия Кемелбайқызы сынды ұстаздарға еліктедім, қасында жүрдім, қосымша білім алдым, түрлі бағдарламалар құру арқылы білімімді ары қарай дамыту үшін, көптеген өндірістік орындарға барып іс тәжірбиеден өттім. Колледждегі дуалды оқыту жүйесімен «Сұңқар Inter Link» жеке шаруашылық серіктестігінде тәжірбиеде машықтандым. Машықтану барысында өз білімімді дәлелдеп қана қоймай, өзіме қажетті көптеген мәліметтер жинақтадым. Дуалды оқыту жүйесінің тиімді сәттерінің бірі – кәсібің бойынша жұмыс жасау, машықтанудан соң, «Сұңқар Inter Link» жеке шаруашылық серіктестігінде бағдарламашы болып, колледжімізде өндірістік оқыту шебері болып еңбек жолымды бастауға ұсыныстар алдым. Таңдау да табылды. Жұмыстың жоқтығын сылтаурататын жастарға қайран қалам, «Іздегенге табылар, бір ақыл іс тапсаңыз» демеп пе еді дана Абай, іздемпаз болсаң, талпынсаң, кәсібіңді жақсы игерсең, жұмыс табудыңда қиындығы жоқ сияқты. Осы пікірімді өлең жолдарыммен толықтырсам :

Кездеседі дауылда көп, дабылда көп,

Дамылдама қаймықпа қабылда кеп.

Үлкен ойдан, үлкен іс шығар ойлан

Болашақтың тағдыры қолымда деп.

Мақсаттар мен армандарды орындау үшін, алға қарай талпынып, жеңіске деген құлшынысыңды арттырып, үлгі болар тұлғаға еліктеп, іздену қажет деп ойлаймын. «Талабыңа нұр жаусын !» демей ме қазақ. Қазіргі таңда ағылшын тілін меңгеруді қолға алудамын, тіл курстарына жазылып, мамандығым бойынша ағылшын тілінде еркін байланысқа түсуді армандаймын. Мен өзіме сенемін. Қызда болсам, әкемнің артқан үміті, бәйгеге қосқан тұлпары іспетті болғандықтан, мен тырысамын. Колледжді тәмәмдағаннан соң, жоғарғы оқу орнына түсіп, білімімді тереңдетемін, Жүрегімнің астарында арманым болып орын тапқан, журналистка мамандығын да тастамаймын. Мен поэзияға жақын, жаны нәзік жанның бірімін. Арманым бала ақыннан, дана ақынға айналу, кітаптарымды шығару…

Иә, арман көп, біліктілігім – бағдарламашы, Қазақстанның кең байтақ жерінің түкпір түкпірінен жұмыс табу қиын емес, орта оқу орнын аяқтасам да, жоғары білімді бағдарламашылар мен білім бәсекесіне түсе аламын, ол менің тәжірибелі мамандардан, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінен алған білімім мен тәжірибем айғақ.

Орта оқу орнын таңдағысы келетін жастарға, айтарым бар, орта буында мамандық иесі болу арлы емес, нәрлі, батыл қадам жасап, мамандықты таңдауды орта оқу орнынан бастаңдар, үш – төрт жылдың ішінде көзқарасың да қалыптасып, пікіріңде айқындалады…

Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап,

Әуре етеді , ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегіңмен, ақылың екі жақтап деген өлең жолдарымен ой толғанысым мен жүрек түбінде жатқан балалық арман қиялымды аяқтағым келеді.

Турдахун Мадина

Талдықорған жоғары политехникалық

колледжінің 4 курс студенті,

Алматы облысы